Qazaqsha | Russian
Almaty qalasy mektepteri

Абай өлеңі туралы бірер сөз



Қандай да бір қаламгердің шығармашылығына сол қаламгер өмір сүрген орта мен қоғам әсер ететіні жаңалық емес. Бірақ сол қоғамның бейнесін айқын танып, кемшілігін баса айтып, не сөзбен, не іспен түзетпекке ниетті пенде кем де кем.

Абай қоғам дертін тура сынаған ақын болды. Оның өлеңдерінен де, өзге деректерден де ақынның үнемі көпшілік ішінде болғанын және сол арқылы адамды тану қасиеті өте жоғары деңгейде болғанын топшылауға болады. Т. Абайұлы өзінің «Әкем Абай туралы» атты ойларында «Маған десе малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып жақсы көріп, ойнап, қалжыңдап отырар еді. Еш уақытта іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып, ұзақ отыра алмаушы еді. Оңдай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақыттың өзі абақтыдан кем көрінбеуші еді. Сыпайылық, сыйлық, әдейі реттеніп, аяғын басқанын аңдып, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамға ешуақытта риза емес еді. Жарқын сөзбен, ашық көңілмен қалтқысыз келетін адамды аңсап сағынып, ондай адам келгенде, баласы иә туған бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді», - дейді. 


Көріп отырғанымыздай Абайға жағатын-жақпайтын мінез иелері болған. Жиренушілік тудыратын, жасандылық танытатын мінез иелерін «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң» өлеңдерінен де кездестіруге болады. 

«Бойы бұлғаң,
 Сөзі жылмаң
 Кімді көрсем, мен сонан
 Бетті бастым,
 Қатты састым,
 Тұра қаштым жалма-жан.
 Өз ойында,
 Тұл бойында
 Бір міні жоқ пендесіп,
 Түзде мырзаң,
 Үйде сырдаң,
 Сөзі қылжаң еркесіп». 

Осы жолдардағы «бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым» деген сөздер біздіңше, баласы Тұрағұл сипаттаған Абайға сәйкес келеді.  Яғни қандай да бір автордың шығармашылығына өмірлік жағдайлар тікелей әсер етеді деуге толық негіз бар. 

Сонымен қатар 

«Қайнайды қаның,
 Ашиды жаның,
 Мінездерін көргенде», -

деген жолдар өз айналасындағы адамдардың әрекетінің ақын туындысынан көрініс тапқанына куә іспетті. 

         Міне, осындай мәселелер мектеп қабырғасында да қамтылу керек. Сонда оқушы қосымша іздену арқылы әр туындының көркемдік қырынан басқа тұсын да меңгеретін болады. 


Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Алдабек Н.А.

ҚазҰУ 2 курс докторанты Әден Ж.Ш.