Qazaqsha | Русский
Almaty qalasy mektepteri
» » "Текті сөздің төресі-терме"

"Текті сөздің төресі-терме"

Qosyldy: 23.10.15
Аvtor: admin
Rubrika: Aqparat
Pikirlerи (0)
23.10.2015 11:39:45

Сөз тереңіндегі маржанды теріп, тыңдарманына сүбелі сөз ұсынған терме сайысы өтті. «Текті сөздің төресі - терме» атты республикалық байқау биыл Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына арналды. Өнер сайысына еліміздің барлық өңірінен 16 термеші қатысты. Көрікті ойларын, салмақты сөздерін жіпке тізіп, жырмен сүйемелдеген бәйгені тілшіміз Перизат Көмекбайқызы тамашалап қайтты.

Қоныс Юсупов - жастайынан өнерге жақын жан. Өсербай жыраудың шәкірті сайыста алғашқылардың бірі болып бағын сынады. Жыршы бір кездері қатты сырқаттанып, бұл өнерден бас тартпақ та болыпты. Десе де, түсінде аян беріп, ұстазы домбыраны қайта қолына алуын әмір еткен. «Бүгінде соның арқасында дерттен құлан-таза айықтым»,- дейді термеші.

«Мына байқаудың беделі өте жоғары. Бұл ақсап қалған, жыр- термелер аз беріліп жүр деп айтып жүр. Жылына «Текті сөздің төресі» жыршылар үшін үлкен құдірет. Бұған келгенде, ысылып кетесің»,- деді жыршы-термеші Қоныс ЮСУПОВ.

Ал, сонау Сыр өңірінен келген Майраның бұл өнерге келуіне атасы себепші болыпты. Қызылорда облысында аты мәшһүр Сәрсенбай жыраудың немересі екен. 10 жасынан бастап әкесінің соңынан еріп-жүріп, жыршы болуға бел буған.

«Біздің елімізде жыраулық мектептерге үлкен мән берілген. Бізде Қорқыт ата атындағы музыкалық колледж, университеттердің барлығында жыраулардың кафедрасы, факультеті бар. Сондай-ақ мәдени продюсерлік орталық бар. Ол жерде жыр секторы жұмыс жасайды»,- деді жыршы-термеші Майра СӘРСЕМБАЕВА.

Ғибраты мол, нақылға толы сайыс еліміздің түкпір-түкпірінен сауын айтып, жыршыларды жинады. Бағзы замандардан бері салт-санамызбен бірге жасасып келе жатқан төл өнеріміз терме байқауына 16 термені бағын сынады. Жыр бәйгесінің шарты бойынша әр қатысушы Қазақ хандығы, мемлекеттік тіл мәртебесі тақырыптары аясында зерделі сөз өріп, оймақтай ойды білдіруі тиіс.

«Бұл байқаудың бағдарламалық жүйесінде айтылып жатқан өлеңдерде тыңнан қосылған жыр шумақтарын көріп отырмыз. Сонымен қатар, бұрыннан мәлім тарихи жырлардан үзінді де орындады. Бұл жерде Қазақ хандығының - 550 жылдығына арналған бабамыздың мерейтойлық тойының аясында өткендіктен, екеуінде бір сабақтастық бар секілді»,- деді қазылар алқасының мүшесі Темірхан ТЕБЕГЕНОВ.

Қазылар алқасы бас жүлдеге елордалық Дина Нұрабаеваны лайық деп таныды. 1 орынды Алматы облысы атынан шыққан Нұрсұлтан Елемесов қанжығасына байлап кетті. Термешілерге алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тарту етілді.