Qazaqsha | Русский
Almaty qalasy mektepteri
» » Мінбер

Мінбер

Qosyldy: 03.10.13
Аvtor: admin
Rubrika: Aqparat
Pikirlerи (0)

 

Мінбер

Ғани Бектайұлы,

«Edtech-kz» халықаралық білім орталығының бас директоры, ЮНЕСКО клубының жетекшісі:

 

- Реформадан көз ашпайтын салалардың бірі – білім саласы. Міне тағыда да жаңа министр тағайындалды. Халықаралық сарапшы маман ретінде бұл саланың қыр сыры туралы не айтар едіңіз?

 Расында, білім саласы мемлекетіміздегі шешілмеген түйткілі көп ең күрделі салалардың бірі. Дегенмен, Білім жүйесіндегі болып жатқан қателіктерді министірліктегілердің осыншама жасырып бағуы көпшілік үшін түсініксіз. Қарап отырсаң өздері ойлап тапқан жаңалықтарға өздері «мәз болатын» сияқты. Ол жобалардың жалпы өскелең ұрпақ үшін қаншалықты пайдалы немесе қаншалықты зардап шектіріп жатқанын зерттеп зерделеп жатқан жан жоқ. Зерделеніп жатсада оны тыңдап елең еткен билікті байқамайсың. Мәселен, елге жанашыр «жеке батырлардың» жер жерден мәселе көтеріп шығарған жан айқайына министрлік құлақ асуға ұялатын сияқты. Кейде олар бұл саланы «жекеменшіктендіріп алған ба?» деп сескенесің. Немесе қордаланған мәселелерден бейхабар ма екен деп ойланасың. Бейнебір Крыловтың мысал өлеңіндегідей. Министрлік бір жақта, мектеп басқа жақта, ата ана мен бала тіпті  қайда қалғаны белгісіз.

-  Мұнан басқа да кедергілер бар деп ойлайсыз ба?

 Онымен қоса білім жүйесін (балабақшадан жоғары оқу орындарына дейін) жайлап, тамырлай бастаған жемқорлықты айтыңыз. Бір түрлі халықтың бойы оған да үйрене бастағандай. Бұл шарасыздық, әрине.

Соңғы жылдары мағынасы түсініксіз сьездер мен конференция, форумдар қаптағаны рас. Азын аулақ жетістіктерді алаулатып жалаулатып одан шоу жасап жататындарынан ыңғайсызданып отырдық. Ал бұл өз кезегінде халық арасында «білім саласын  көзбояушылық басып алған ба?» деген  пікір қалыптастыратындығы сөзсіз.  

Бұлай жалғаса беретін болса елдің жүрегіндегі ертеңімізге деген үлкен үміттің орнын күдік пен күмән ұялай бастауы мүмкін.

- Реформалар туралы не айтасыз?

Өкінішке орай, жиырма жылдың ішінде жасалған реформалардың көпшілігі сапаны көтеруге емес оқушы тұрмақ ұстаздардың «миын айналдырып», тіпті әбден «қатырып» тастады десе де болады. Сөзім дәйекті болу үшін айта кетейін. Еліміздегі тәуелсіз сарапшылардың дерегі бойынша республика оқушыларының 78 пайызы «мектепте  алған білімнің өмірде қажетісіз» екендігін айтса, 85 пайызы «үлгі тұтып,сенім арта алатын бірде бір ұстаз жоқ» деп жауап қайырған. Назар аударып ойландыратын жайт!

Білім саласында көңіл тоятындай жағымды қандай жұмысты атар едіңіз?

Көңіл жұбатарлық бұл жерде бір шындық, білім саласына қаржы бөлуде Үкіметтің аянып қалып жатпауы. Қазіргі мектептердің материалдық жабдықталуы қызыл империяның тұсында болмаған жағдай. Ол Елбасының жеке қамқорлығы мен көреген саясатының арқасы екендігін барлығы жақсы түсінеді. Бұл әрине айтуды қажет тұтпайтын жайттар. Дегенмен, «жақсының жақсысын айту» міндетіміз.  

- Он жылдық тәжірибеден кейін ҰБТ-ны алып тастаймыз дейді. Министрліктегілер  білімді анықтаудың бұл тәсілі тиімсіздігін көрсетті деп отыр. Тиімсіз болса, бүтіндей бір толқынға тәжірибе жасаудың қажеттігі қаншалықты еді?

Ел арасында ҰБТ  «хитқа» айналды. БАҚ 2015 жылы ҰБТ жойылатынын жарыса жариялап жатыр. Халық оған шүбәсіз сеніп отыр. Расында, қарапайым жұрт енді емтихан болмайды деп түсінсе, баз  біреулері оқуға түсу оңай болады деп жүр. Шындыққа келгенде «ҰБТ» сөзіндегі «Б» ғана жойылмақшы. Яғни мектептегі мемлекеттік емтихан мен ЖОО түсу емтиханын біріктірген ҰБТ,  ҰТ мен КТ болып  екіге бөлінбекші. Емтихандар қиындамаса бұдан былай жеңілдемейтінін ел дұрыс түсінсе игі еді.  Бір мәселенің басы анық, тест жүйесі кез келген сынақтың негізі болатындығы. Жуырда ғана  «А» корпусына әкімдердің де тестен өтуі осының айғағы. Кез келген сынақ дұрыс ұйымдастырылса сапаға жұмыс істейтіндігін білген жөн. Емтихан әділетті өтпесе оны тапсырудың да мәні жойылады. Әділетсіздікке жол беріп емтиханның қадірін қашырғанша, дүниеге жаңа келген сәбиге  бірден аттестат пен дипломын бере салған жақсы. Егерде халық пен үкімет мемлекетімізге  дәрігер, ұстаз, экономист, юрист, әкім т.б. мықты мамандар керек екендігін мойындаса емтихандарымыз барынша әділетті болуы тиіс. Бұл ертеңгі  ел болашағы мен оның қауіпсіздігіне тікелей қатысты.

 Еститін құлақ болса, бұл бағытта талай жақсы ойлар мен ұтымды пікірлер айтылып жүр. Елімізде бұл саланың «майын ішкен» талай мықты мамандар бар. Бірақ оларды тыңдап жатқан билік қайда? Осы заманда  білікті мамандар қадыры қашқан ба деп те ойлап қаласың.

- Республиканың барлық аймақтарында  болып, ата ана, оқушы, мұғалім қауыммен Сіздің жиі кездесіп тұратыныңызды білеміз. Білім жүйесі  көш ілгері шет мемлекеттерді аралап тәжірибе жинақтап жүргеніңізден де хабардармыз. Шатқаяқтап тұрған саланың жұмысын қалай жақсартуға болады, сарапшы-маман ретінде қандай пікірдесіз?

Жауапкершілігі ауыр сұрақ. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» деген бар, бел буып жауап беріп көрейін.

 Еліміздің қазіргі білім жүйесі мен үшін, үлде мен бүлдеге оранғанымен  жарықсыз тас қараңғы бөлмеде абдырап тұрып қалған немесе жүріп бара жатқанымен  «көзі не басы жоқ  адамға» ұқсайды. Бұл әрине қате болып көрінсе де, менің субьективті жеке көзқарасым. Ойым түсінікті де анық болуы үшін кейбір мәселелерге жеке тоқталып өтейін.

Бірінші, кадр мәселесі. Мектеп, колледж және жоғары оқу орындарын  педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету деңгейі, жыл өткен сайын сын көтермей бара жатқаны жаңалық емес. Оның негізгі себептері де белгілі. Дегенмен оны өзгертуде министрлік тарапынан ешқандай амал әрекеттің жасалмауы  қынжылтады. Нәтижесінде мұғалімдер арасында өз пәнін толық білмейтіндер қатары өсіп келеді. Екіншіден, білім мекемесінің тірегіне айналған білікті мамандардың жасы ұлғайып қатары кеміп келеді. Үшіншіден, педагогикалық ЖО орындарының оқу бағдарламалары жиырмасыншы ғасырда қалып қойған. Төртіншіден, педагогикалық мамандықтарға талантты жастарды тартудың тетіктері ойластырылмаған.

Бесіншіден, кезінде министрдің өзі мұғалімнің рұқсатынсыз сабақты бөлудің қасиетсіздік екенін білетін. Ал жергілікті әкім қаралар болса, оқушы мен мұғалімді «көше сыпырушы», «күзетші» тағы басқа іс шараларға  жиі алаңдатып  оқу процесінің қадір қасиетін өз қолдарымен төмендетіп жатқанын түсінеді ме екен? «Жығылғанға жұдырық» деген бар. Алтыншыдан, аудан әкімдерінің мектеп басшылығына білім жүйесінен бейхабар, кездейсоқ адамдарды тағайындап , мәселені одан әрі ушықтырып отырған жоқ па? Жетіншіден, жақсы мұғалімдердің сапалы білім беруіне басты кедергілердің бірі, есеп қисап, қаптаған қағазбастылық. Елбасының өзі «керексіз есепті қысқартыңдар» деп сынға алса да,  «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалған. Бірақ бұл «құпия».  Сегізінші, мектептің түрлі тексерулерден көз ашпауы оны негізгі жұмысынан алаңдатуда. Қазір олар «тексеруден көз ашпайтындығын» айтып налып  отыр. Менің айтып отырғаным бер жағы. Тереңдей түссек жырға айналар жайттар жетерлік.  Мұны ойлап жатқандар бар ма екен?

Дегенмен, жаһандану, ақпараттық технологиялардың қарқынды даму заманында мұғалім кемінде екі өнерден хабары болуы қажет. Біріншіден компьютердің құлағында ойнауы, екіншіден үш тілде сөйлей алғаны абзал. Үшіншіден зерттеуші мұғалім яки, үнемі ізденіс үстінде болуы тиіс. Бұл оның заман көшінен қалып қоймауына септігін тигізеді. Сонымен қатар, ҰСТАЗ атты  ұлы мамандықтың асқақтауына үлес қосады. Қазақтың Қанипасы атанған ұлы ұстаз Қ.Бітібаева «Мен ғұмыр бойы бір ғана мәнсаптың жолын қудым. Ол жол, ұстаздық жолы» деген екен.

Екіншіден, оқулықтар мен оқу бағдармалары.  «Заманында ұлы Саламон  «Данышпандық кітабын» жазыпты. Бірақ бұл құрал Саламондай ғұлама адамды қалыптастыра алмапты» деген сөз бар. Десекте оқулық айналасындағы түрлі даудың басын қайыратын мезгіл жетті. Бұл мәселеге жіті қарамау, шешуі оңай мәселелердің өзін күрделендіріп отыр. Бірінші қате, оқулықтарды даярлауды ұйымдастыру технологиялырын мүлде сақтамау. Кешенді жүйенің қалыптаспауы мәселені шешудің орнына одан әрі ушықтыра түсуде. Биылғы оқу жылының басында оқулық жетпеуіне байланысты туған дау осының бір ғана айғағы. Кезекте тағы бір даудың ұшы шығып келеді. Министрлік оқулықтарын даярлап үлгерместен биыл жаңа оқу бағдарламаларын бекітіп тастады. Нәтижесінде Оқу бағдарламасы жаңа, ал оқулықтар ескі. үш миллионға жуық оқушылар, екі жүзмыңнан асып жығылатын мұғалімдер мен сегіз мыңға жуық мектеп зардабын тартып, баз кешуде. Оны кім шешпек? Түсінген адамға дене түршігерлік жай.

12 жылдық. Ресурстық орталықтар (тірек мектептер) мән жайы.

Біріншіден, қанша жерден 2015 жылы 12 жылдық білім беруге көшеміз деп жалаулатқанмен, оның толыққанды бірде-бір нормативтік құжаты қабылданған жоқ. Заң жоқ. Екіншіден, ел бойынша тәжірибе жүргізіліп жатқан елуден аса мектеп бар. Олардың тағдыры қалай болмақ? ҰБТ қалай тапсырады? Әлде олар үшін бөлек емтихан өткізіле ме? Олардың бағдарламалары мен оқулықтары екі бөлек емес пе? Содан кейін, оларды жоғары оқу орнына қабылдау қалай жүзеге аспақ? Екі бөлек бағдарламамен оқыған балаларды ЖОО-ға қалайша бір талаппен қабылдайды? Тәжірибе жүргізіліп жатқан мектептердің оқушыларына қандай аттестат берілмек? 11 жылдық, не 12 жылдық?  Бұл да белгісіз. Білім және ғылым министрлігі бұған қатысты бірде-бір құжатты бекітпеген. Екінші жыл жұмысын бастағалы отырған Ресурстық орталықтардың жағдайы бұлыңғыр. Идеясы жақсы болғанмен іске асыру тетіктері ойластырылмаған. Қаржы мәселесі заңды түрде толыққанды шешілмеген. Жарым жартылай бұйрықпен, заңнамалық негізі жоқ нұсқаулықтар. Орта білім департаментінің міндетіне жататын Ресурстық орталықтың не ережесі, не тұжырымдамасы бекітілмеген. Не оқу бағдарламалары не оқулықтары дайындалмаған. Облыс, аудан мектеп басшылықтары абдырап отыр. Амалсыздан жоқтан бар жасаудан басқа шаралары жоқ.Ойланбастан енгізілген кезекті экпериментке ұқсайды. Мектептер осылай тағыда тығырыққа тіреліп отыр. Министрліктегі кейбір басшылар мұны жақсы білгенмен, мәселені көтерсе жылы орындарынан айрылып қаламын деп қорқатын сияқты. Олардың барлығын айтпауға болар еді. Бірақ кез келген дүниенің шегі шеті болады ғой. Өкінішке орай өңірлердегі барлық мектептердің жан айқайы бұл. Егер шындыққа жүгінетін болсақ білімнің барлық саласы осындай қасіретті  күй кешуде. Бір мақала шеңберінде айтып тауысу мүмкін емес. Кейбір жоғары оқу орнындарындағы масқарлар адамның төбе шашын тік тұрғызады. Ел аралап  естігенім бір бөлек, бес баланың әкесі, яғни ата ана ретінде күнде сезіп, көріп отырған жағдай бұл.

–Шатқаяқтап тұрған саланың жұмысын қалай жақсартуға болады, сарапшы-маман ретінде қандай пікірдесіз?

–Кез-келген министрліктің жұмысының мазмұны мен бағытын ғылыми дәйекті түрде анықтап беріп отыратын салмақты ғылыми ордасы болуы керек. Қарапайым тілмен айтқанда бұл кез келген министрліктің «миы». Білім және ғылым министрлігі үшін ол – Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың ұлттық Білім академиясы болуы тиіс еді. Кезінде оның қайнар көзінде ұлы этнограф, ғалым, ағартушы Ақселеу Сейдімбек бастаған, Жауынбай Қараев, Немеребай Нұрахметов секілді әлем таныған ірі педагогтармен қатар бірнеше белді ғалымдар болды. Бүгінде Академия қатты әлсіреп кетті. Мәселен, бір жылға жетпейтін уақыт ішінде үш рет орын ауыстырған, яғни көшуден қолы босамайтын академияда жұмыс қайдан болсын. Одан бөлек академияның материалдық, қаржылық қиындықтарын былай қойғанда,  кадрлық құрам туралы айтуға ұят. Еліміздегі мықты мамандарды өздерінде топтастыруға академияның қолы қысқа. Мүмкін басшылық әлсіз. Сондықтан да академия бүгінгі таңда жаңа  білім мазмұнын анықтауға, жүзеге асырылып жатқан реформалардың негіздемесін, бағытының бұрыс дұрыстығына сауатты сараптама беруге өкінішке орай қауқары жетпей  отырған сияқты.

 Өмірде дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомалар бар. Мәселен, адам жыл мезгілдерін жаман не жақсы  дей алмайды. Егер олар өз ретінен жаңылысып, кезексіз орын алатын болса, қасірет туындайтын еді. Сол секілді, білім саласындағы бүгінгі кемшіліктің барлығы – жүйенің жоқтығынан болып отыр. Жүйесіз іске асырылып жатқандықтан, бүгінгі реформалардың ішінде іске аларлығы некен саяқ. Жеке алғанда олардың идеясы, формасы дұрыс болып көрінеді. Алайда оларды іске асырудың тетіктері жасалмаған.

Жоғарыда айтылған және одан да басқа мәселелердің шешілмей шиелене түсуінің басты себебі осында. Ендеше жаңа министр шұғыл кезекте Академияның қызметіне үлкен мән беріп,оны жылдам реанимациядан өткізуі қажет. Салмақтылығын арттыру мақсатында Ұлттық білім академиясына дербестік беріліп, оның басшысын тағайындау Ұлттық университет ректорларының деңгейімен теңестірілуі дұрыс болар еді.

–Жаңа министр келіп, сала жаңаша түлейтін шығар?

–Министр ауысқан сайын «солай болар ау» деп халық болып үміттеніп келеміз. Жоғарыда айтылған жағдай бүгін ғана туындаған жоқ, жылдар бойы жалғасып келе жатқан мәселелер. Енді бұл мәселені шешуге жалпы ұлт болып кірісуден басқа шара қалмады. Ол үшін еліміздегі барлық ғалым-сарапшылардың басып қосып ақылдаспай, салада жаңаша серпін, түлеу болуы мүмкін емес. Ендеше, әр саланың  жілігін шағып, майын ішкен төл мамандардың басын қосып кеңесу қажет деп ойлаймын. Жаңа министр кабинетіне тығылып алып, білім жүйесін құрдымнан қалай құтқарамын деп жалғыз өзі шешім қабылдаса, өзіне дейінгі әріптестерінің кебін кигеннен ары аса алмасы анық. Жаңа министр бұрынғы қателіктерді жіберген министрлік қызметкерлерімен ақылдасады. Олар қате ақылдан басқа не бере алады? Мен министрліктегі қызметкерлерді жұмыстан шығарып жіберсін демеймін. Ондада өз ісін білетін кәсіби мамандар бар. Дегенмен олар бар шындықты министрдің алдына жайып салу керек не ол қызметтен кету керек.

Себебі Білім министрлігі бұл киелі орта. Онда бүкіл елдің баласының  яғни, жас ұрпақтың тағдыры айқындалып шешілетін жер. Оның ішінде менің де сенің де балаң бар. Министрлікке тың ой айтатын, басқаша ойлайтын адамдарды жинау қажет. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді қазақ. Ең үлкен қауіпсіздік – білім жүйесі. Адамды адастырып, ұлттық идеологиядан жұрдай қылып, адами құндылықтардан аздыру тұрмақ мемлекетті әлсірету үшін – білім жүйесін қиратыңыз, бітті. Бұл менің ойлап тапқаным емес. Жаһандану заманында елдің елдігін сақтап мемлекетті нығайтудың ең басты заманауи құралы екенін әлем мойындап отыр. Кезінде Шоқан Уәлиханов : «елдің елдігі – оның тәуелсіздігі мен білім жүйесінің мықтылығында» деген. Білім жүйесі тек қана компьютер мен интерактивті тақта, керемет салынған мектеппен айшықталмайды, білімнің  сапасы – ішкі мазмұнда. Бір ай бұрын мен Жапонияда болып келдім. Бір қызығы, Жапонияның мектептері соңғы үлгідегі техникамен жабдықталмаған. Біздің ауыл мектебінің деңгейіндегі безендіру. Салыстырсақ, мектептері өте қарапайым, ғимараттарында еурожөндеу деген атымен жоқ. Тіпті парталары кәдімгідей ескі. Бірақ білім мазмұны тастай. Біздің «мектептеріңде тіпті телевизор жоқ қой» деген таңданысымызға «біз баланың жанын дамытуға жұмыс жасаймыз» деп жауап қайтарады. Сонда бүкіл техникасы дамыған, өркениеті асып-тасып тұрған Жапониядағы оқушыларға берілетін дәрістің ең негізгі пәндері қандай деп ойлайсыз?  Біздің пәндермен салыстырғанда, дене шынықтыру мен өзін-өзі тану пәндері екен. Физика, химия, алгебра емес, жеке тұлғаның дамуына аса мән береді. Ал біз баланың діңкесін құртып, шаршатып, керек-керек емес ақпаратты кірпіш-кірпіш кітаптармен береміз. Енді міне тағыда жаңа оқу бағдармамаларындағы қазақ тілі пәнінің есебінен математика жаратылыстану пәндерінің сағат санын көбейткен. Мүлдем ақылға сиымсыз жайттар. Ал нәтиже қайда? Кейіптеп айтқанда, ауызға табақтап палау жегізіп, шелектеп айран құйғанмен бірдей. Бұдан адам семірмейді, күпті болады. Адамның денсаулығына пайдалы аз да болса, сапалы «тағам» беру керек, бітті.

–Биылдан бастап оқу бағдарламасына «Абайтану», «Алаштану» секілді пәндер енді емес пе?

–Жалпы мен «Абайтану», «Алаштану», «Өзін-өзітану», «Партиотизм» секілді пәндердің ешқайсысына қарсылығым жоқ. Бірақ бөлек пән ретінде енгізу процесіне қарсымын. Мәселен, «Абайтануыңыз» қазақтілі мен әдебиеті, тарих пәндерінде кеңейтіп берілсе жеткілікті. Олардың бәрін кіріктіріп оқытатын болса, өмірмен ұштасып керемет болар еді. Бүгінде функционалды сауаттылық туралы көп айтады. Бірақ оның не екенін көпшілік түсіне бермейді. Бала естігенін есте сақтап, есте сақтағанын түсініп, түсінгенін іске қолдана алған кезден бастап – функциналды сауаттылық деп есептеледі.Ал біздің бүгінгі білім жүйеміз есте сақтау деңгейінде ғана қалып қойған. Ал мұндай деңгейде оқушы білімді болып шығады деп айтудың өзі қиын. Мектептегі білім оңалмай, кәсіптік білім беру мен жоғары оқу орындағындағы білімнің сапасы артпайды. Өйткені бұларға мектептен шыққан балалар барады. Орта білім саласын қайта қарастырып, өз жолымызбен шығуымыз керек. Оған өресі де білімі де, тәжірибесі де жететін ғалымдарымыз бар.

Бір мәселенің басы анық бүгінгі күні білім саласы – тек бір министрліктің ғана міндеті болмауы керек. Жалпы ұлттық мәселе. Өйткені білім алып жатқан тек министрліктің баласы емес, халықтың баласы, біздің баламыз не немереміз. Ал бүгінгі ұрпақ – ел ертеңі. Неге әр ата-ана өз баласының болашағы үшін күреспеске, неге барлық шаруаны министрлікке ысырып қойып қарап отыруымыз керек? Білім және ғылым министрлігі бұл мәселеде мықты үйлестіруші қызметін атқару тиіс. Білім саласын жаңғырту туралы дұрыс бастама көтеріп жүрген азаматтардың басын қосатын кез жетті. Оның үшін тек білім мәселелерімен айналысатын уақытша болса да қоғамдық парламент құрылуы керек. Шығыс халқында бір жаман қарғыс бар дейтін анам. Ол: «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген сөз.

 

 Менің Ұстаздар күні қарсаңында әріптестеріме тілерім: жарқын күндеріңіз бен жақсы шәкірттеріңіз қуанта берсін! Ал, қазағымның еңсесі биік, әлем мойындаған мамандары мол болсын! Рахмет.