Qazaqsha | Русский
Школы города Алматы
» » Тағылымы мол тағылымдама

Тағылымы мол тағылымдама

Qosyldy: 20.04.23
Аvtor: admin14
Pikirlerи (0)


Бүгінгі құндылықтар ауысқан жаһандану дәуірінде өзіміздің ұлттық мәртебемізді сақтап қалу үшін өзіміздің рухани жәдігерлерімізді, ұлт үшін жанын пида еткен ұлы азаматтарымызды ұлықтап, жас ұрпаққа жаңа қырынан көрсетуіміз керек. Қазіргінің баласы өзге елдің тұлғасына қарап бой түзейтін болса, онда келешегіміз бұлыңғыр болары сөзсіз. Халқымыздың тарихында сөзі де, ісі де келісті азаматтар аз болған жоқ. Солардың бірі әрі бірігейі – Алаш арыстары. Олар халқының болашағы үшін бар күш-жігерін салып, бастарын бәйгеге тікті. Ұлтының ұлы көшбасшылары бола білді. Алаш зиялыларының қайсыбірін айтсақ та, кеудеде «Мен – қазақпын» деген үлкен мақтаныш сезімі орнайды.


         Өскелең жас ұрпақ шетелдің батырсымақтарына табынғанша, өзіміздің қаһармандарды білсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осы орайда қара шаңырағымыз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің магистранттары екі апталық ғылыми-зерттеу тағлымдамасын А. Байтұрсынұлы «Тіл құрал» оқу-әдістемелік ғылыми-зерттеу орталығында өтті. Халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдызы Ахмет Байтұрсынұлы ғұмырымен, рухани мұрасымен танысып, жете зерттеді. Орталық директоры ф.ғ.к. Имаханбет Райхан ханымның жетекшілігімен ұлт ұстазы туралы жазылған мақалаларға, зерттеу жұмыстарға библиографиялық көрсеткіш жасап, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы бойынша ұйымдастырылған іс-шараларға талдау жүргізді. Алаш арысының бай рухани мұрасын барша қазақ оқырманына қалайша заман ағымына сай етіп жеткізсе болады, сол төңірегінде біраз жұмыстар жасалынды.

         Университетіміздің өзге мамандықтың білім алушылары ғылыми тағлымдамаға шетелге барып, өзге елдің қазынасын байытса, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының магистранттары «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, рухани құлдыраған шағымызда халқымыздың тілі мен әдебиетіне айтарлықтай зор үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлының ұшан теңіз мұраларын зерттеуді жөн көрді. 

Нұралы А., Даутова Г.