Коучинг тіл үйретудің бір әдісі ретінде. Милтон Эриксон принциптері.
Қазіргі таңда шетел тілін меңгеруге ниетті миллиондаған адам жылдар бойы оқыса да, тілдік білімдерін тәжірибеде қолдану дағдысына жете алмай келеді. Мектепте, университетте немесе тіл орталықтарында оқу нәтижесінде көбіне тект қарапайым фразалармен шектеліп қалатындар көп. Бұл жағдай адамның ішкі көңіл күйінде қынжылыс, уақыт пен қаражаттың текке кеткендей әсер қалдырады. Себебі білім инвестиция емес, шығын ретінде сезіледі. Мұндайда адамда «Неге мен әлі де бір орында тұрмын?» деген сұрақ туындайды.
Көп жағдайда тіл үйренудегі қиындықтың түпкі себебі адамның өзіне қоятын сұрақтарымен байланысты. Бұл жерде коучинг – тіл үйренуде ішкі мотивацияны оятатын, мақсат қоюға және өз әлеуетіңді іске қосуға көмектесетін ерекше тәсіл. Коучинг – бұл адамның А нүктесінен В нүктесіне өту жолындағы серіктестігі, әрі бұл үдеріс диалог пен терең ой салатын сұрақтар арқылы іске асады.
Коучинг ұғымы мен шығу тегі
Коучинг ұғымы бастапқыда спорт саласында пайда болды. Мысалы, жаттықтырушы (coach) спортшыға өзінің физикалық қабілетін дамытуда көмектеседі. Кейіннен бұл тәсіл бизнес пен жеке даму саласына еніп, адамның ішкі ресурстарын іске қосатын қуатты құралға айналды. ХХ ғасырдың 80-жылдары коучинг АҚШ-та кең дамыды. Тимоти Голви, Томас Дж. Леонард және Джон Уитмор секілді мамандар осы бағыттың негізін қалады.
Тимоти Голви өзінің "The Inner Game" атты еңбегінде басты қарсылас сыртқы емес, адамның ішіндегі қорқыныш пен сенімсіздік екенін дәлелдей отырып, коучтің рөлі – адамның ішкі әлеуетін ашуға көмектесу екенін көрсетті. Джон Уитмор коучингті «адамның әлеуетін барынша ашып, оның тиімділігін арттыру» деп сипаттай отырып, коучинг оқыту емес, адамға өз бетінше үйренуге мүмкіндік беру екенін атап өтті.
Коучинг пен басқа көмектесуші кәсіптердің айырмашылығы
Коучинг – болашаққа бағытталған, кеңес бермейтін, шешімді клиенттің өзі табуына ықпал ететін әдіс. Коуч сұрақ қою арқылы клиенттің санасын кеңейтеді, оны жауапкершілікке итермелейді, әрі жаңа әрекеттерге бастайды. Коучинг – адамның саналы түрде өмірін өзгертуіне мүмкіндік беретін орта. Ол психология, психотерапия, менторлықтан осы бағыттардағы мақсат пен тәсіл тұрғысынан ерекшеленеді.
Милтон Эриксон және оның коучингтегі рөлі
Милтон Эриксон – медициналық гипноз және позитивті психология саласындағы көрнекті тұлға. Оның философиясы коучинг негізіне айналған бес қағидаға сүйенеді:
Әр адамда бәрі дұрыс (жақсы күйде).
Әр адамда жетістікке жетуге қажетті ресурстар бар.
Әр әрекеттің артында игі ниет тұрады.
Адам әр сәтте ең дұрыс шешімді таңдайды.
Өзгеріс – мүмкін ғана емес, міндетті нәрсе.
Бұл қағидалар коучингтің адамға деген сенімге, оның ішкі даналығына арқа сүйейтін жүйе екенін көрсетеді.
Коучингтегі сұрақтардың күші
Коучингтің басты құралы – ашық сұрақтар. Бұл сұрақтар дайын жауапты емес, ойлануды, өзін тануды талап етеді. Мысалы: «Сіз шын мәнінде нені қалайсыз?», «Бұл сіздің өміріңізге қалай әсер етеді?» секілді сұрақтар адамды терең рефлексияға жетелейді. Мұндай сұрақтар адамның ішкі мотивациясын оятады, оның әрекетке көшуіне ықпал етеді.
Эйнштейн айтқандай, «Мәселені шешу оны туғызған деңгейден жоғары деңгейде жүзеге асады». Сондықтан коучингте сұрақ – тек тілдік құрал емес, адамның санасын өзгерту тетігі.
Қорытынды
Коучинг – бұл жай ғана кеңес беру немесе мотивация емес. Бұл – адамның өз өміріне деген жауапкершілікті сезінуге, өз-өзіне сенуге және шынайы өзгеріс жасауға мүмкіндік беретін қуатты тәсіл. Тіл үйрену жолында да коучинг адамға ішкі кедергілерін жеңуге, «ертең» емес, «қазір» әрекет етуге түрткі болады. Ашық сұрақтар арқылы адам өзінің шынайы сұранысын, құндылығын және мотивация көзін табады. Ал бұл кез келген оқытудың берік іргетасы болып табылады.
Коуч – адамды жолға салып беретін жетекші емес, сол жолда өзінің мүмкіндігін толық қолдана алатын, сана-сезімі оянған тұлғаға айналуға көмектесетін серіктес.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушысы, PhD доктор Д.М. Койшигулова

