Qazaqsha | Русский
Sait seriktesi
» » Тіл үйрену үдерісіндегі коучинг пен нейроғылымның ықпалы

Тіл үйрену үдерісіндегі коучинг пен нейроғылымның ықпалы

Qosyldy: 13.01.25
Аvtor: admin14
Rubrika: Aqparat
Pikirlerи (0)

Қазіргі заманғы тіл үйренушілер үшін шет тілін меңгерудің сәттілігі тек грамматикалық құрылымдарды жаттап алуға немесе сөздік қорын кеңейтуге ғана емес, сонымен бірге ми жұмысының табиғатын түсінуге де байланысты. Соңғы жылдары тіл үйренуге коучингтік тәсіл мен нейроғылым жетістіктерін қолдану кеңінен таралып келеді. Бұл мақалада шет тілін қысқа мерзімде меңгеруге коучинг пен нейробиологияның қандай көмегі бар екені қарастырылады.

2019 жылы Мәскеуде өткен Neurolanguage Coaching тренингі тіл үйрену мен мидың өзара байланысына жаңа көзқарас ұсынды. Бұл әдістің авторы – британдық маман Рейчел Пэлинг. Ол нейробиология мен тілдік коучингті біріктіре отырып, тіл үйрену барысында адамның когнитивтік және эмоционалдық ресурстарын тиімді пайдалануды ұсынады.

Нейроғылым саласындағы зерттеулер көрсеткендей, адамның миы – өте күрделі әрі шексіз әлеуетке ие жүйе. Дегенмен, көптеген тіл үйренушілер мидың мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмайды, себебі оның қалай жұмыс істейтінін білмейді. Бұл жерде тілдік коучинг адамға өз миының табиғатын түсінуге және оның әлеуетін барынша іске қосуға көмектеседі.

Мидың үш құрылымдық деңгейі және олардың тілді меңгеруге әсері

Америкалық ғалым Пол Маклин ұсынған "үштік ми" (triune brain) теориясы тіл үйрену барысындағы психофизиологиялық процестерді түсіндіруде маңызды. Адам миы үш бөліктен тұрады:

Рептильді ми (ретикулярлы формация) – адам эволюциясындағы ең көне бөлім. Бұл құрылым инстинктивті реакцияларға жауап береді: аман қалу, қорғану, тамақтану. Мысалы, тіл үйрену кезінде ұялған, қорыққан сәттерде осы ми бөлімі белсенді болады.

Лимбикалық жүйе – эмоциялық ми. Бұл бөлім эмоциялармен және эмоционалдық жадпен байланысты. Тіл үйренушінің бұрынғы теріс тәжірибесі (мысалы, сыныптастардың күлкісі, мұғалімнің ескертуі) эмоциялық кедергілер тудыруы мүмкін. Мұндайда коуч студенттің эмоционалдық кедергісін анықтап, оны ресурсқа айналдыру жолдарын ұсынады.

Неокортекс – рационалды, логикалық ойлауға жауапты ми бөлігі. Бұл бөлімде стратегиялық жоспарлау, болашаққа бағытталу, тілдік талдау секілді процестер жүреді. Коучинг дәл осы ми деңгейіне бағытталған, өйткені тіл үйрену барысында мақсат қою, ішкі мотивация мен жоспар құру маңызды рөл атқарады.

Нейрондар мен синапстар: тіл үйренудің биологиялық негізі

Адам миында шамамен 160 миллиард нейрон бар. Нейрондар арасындағы байланыс – синапстар арқылы ақпарат алмасады. Жаңа сөздерді үйрену кезінде осы синапстар күшейіп, тұрақты есте сақтау механизмдері қалыптасады. Эмоциялық жады мен мотивация да синаптикалық байланыстар арқылы нығая түседі. Тиімді тіл үйрену – бұл нейрондық желіні белсендіру және жаңа байланыстар орнату үдерісі.

Коучинг сұрақтары арқылы ми белсенділігін арттыру

Коучингтегі ашық сұрақтар – мидың неокортекс бөлігін белсенді ететін маңызды құрал. «Сіз неге дәл осы тілді үйренгіңіз келеді?», «Бұл тіл сіздің өміріңізге қалай әсер етеді?» секілді сұрақтар адамды терең ойлануға, эмоциялық және когнитивтік деңгейде талдау жасауға итермелейді. Бұл сұрақтар мидың үш деңгейі арасындағы үйлесімділікті арттырып, стресстік күйден шығуға және жаңа ақпаратты қабылдауға мүмкіндік береді.

Қорытынды

Тілді сәтті үйрену үшін адамның когнитивтік, эмоциялық және физиологиялық деңгейлерін қатар іске қосу қажет. Коучинг пен нейроғылым біріге отырып, тілді үйрену процесін табиғи, адамның ішкі әлеуетіне бейімделген, эмоционалдық және мотивациялық тосқауылдардан арылған форматта ұсынады.

Демек, шет тілін үйрену – тек грамматика мен сөз жаттау емес, сонымен қатар өзін-өзі тану, сана деңгейінде жұмыс істеу және өзіңнің мидың мүмкіндіктерін дұрыс қолдану. Нейрокоучинг – осы бағытта тиімді құрал ретінде танылып келеді.


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының 

аға оқытушысы, PhD доктор Д.М. Койшигулова