Qazaqsha | Russian
Almaty qalasy mektepteri

Тағы да Абай туралы


         Нығмет Ғабдуллиннің «Абай сөзді бұлай саптамаса керек» деген мақаласын оқып, расында қисынсыз сөз бен келіссіз ұйқасты Абайдікі деуге арланасың. Автордың осындағы ойымен келісуге әбден болады. Біздіңше де соншама уақыттан бері келе жатқан туынды түрлі өзгеріске ұшырап, екінші-үшінші тараптың ықпалымен өз оқырманына әуелгі күйінен ажырап келуі ықтимал. 


         Н. Ғабдуллин талдаған мысалдарда сырты ұйқасы өз алдына ішкі мазмұнына келіспей тұрған тұстары өте көп. Автор бұған әуелі М. Әуезовтің «Абайдың Крыловтан аударғаны 15 мысал ғана, қалғаны оның аудармалары емес» дегенін алға тартады. Бұл жерде мынаны ескеру керек: кейбір авторлар ол аударма болғандықтан, Абай да солай аударған шығар деген пікір айтады. Бірақ сіз Абайдың қай өлеңін алсаңыз да, алдымен ішкі мазмұнның жүгін арқалаған туындылар екенін көресіз. Осыған байланысты Абайдікі деп танылып жүрген Крыловтың аударма мысалдары әлі де жете зерттеуді талап етеді. 

Аударма Абайға таңсық сала емес. Оның аударма басқа туындылары да жетерлік. Ал енді Н. Ғабдуллин талдап көрсеткен мысалдар шынымен де кімдікі екен деген ойға қалдырады. Бірнешеуін мысал ретінде келтірейік. 

«Ыңқыл қағып», «Иттеніп жүріп өлмей ме?», «Торғайға да Mayысып солқылдайсың» және т.б.

Қазақтың сөз саптауына сай емес дүниені Абайдың жасауы мүмкін емес. Тіпті Абай аударды деген күннің өзінде, әуелгі келісті сөз бен келелі ой өз мазмұнынан ажырап, трансформацияға ұшырауы ғажап емес. Өйткені оны көшіріп жазушылар, ақынның өз ұрпақтары тарапынан өзгеріске ұшырауы ықтимал. 

Біздіңше, осындай аудармаларды орта мектеп бағдарламасына беруде сақ болу керек. Тіпті берген күннің өзінде Н. Ғабдуллин талдауы сияқты түсіндірмелерді қоса беру қажет.  Сонда жас оқырманның санасына ғылыми талдам мен талғам ұғымдарын сіңіре аламыз. Ол үшін баладан бұрын, мұғалімнің өзі де осындай мәселелерден хабардар болуы керек. 




Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Алдабек Н.А.

ҚазҰУ 2 курс докторанты Ахмет А.Н.