Qazaqsha | Русский
Sait seriktesi
» » Қазіргі айтыс өнеріндегі ұлттық құндылықтар

Қазіргі айтыс өнеріндегі ұлттық құндылықтар

Qosyldy: 04.07.25
Аvtor: admin14
Rubrika: Aqparat
Pikirlerи (0)


Айтыс өнері қазақ халқымен бірге сан ғасырлардан бірге жасасып келе жатқан, шұрайлы тілін сақтап, тілінің мәйегін терген, салт-дәстүрді сіңдірген, тарих тезінен бар кезеңді бірге өткеріп, халықтың қуанышын да, қиналысын да бірге көрген ұлттың рухани құндылығы. «Ақындар айтыстарындағы ұлттық сипаттың аса көрнекті көрінісі – ақындардың қазақ сөзінің байырғы бейнелілік өрнектерін поэтикалық сымбатымен, шеберлікпен қолдануы. Ақындар сөз арқауындағы мәселелерді әсерлі жеткізу үшін ажарлау, құбылту, айшықтау өрнектерінің алуан түрлі үлгілерін өлең тармақтарындағы ішкі үндестік, ұйқас өрімдерімен жымдастыра жырлайды»  пікірімен толық келісуге болады.  Қоғамдағы түрлі  келеңсіздікті   сын тезіне алған айтыс ақындары халық бастан кешіп отырған қиыншылықты да, жақсылық, шаттықты да жырға қосты. Мысалы, ақын Нәзира Мәдішева мен  Аманжол Әлтаев  айтысында ауыл тақырыбының күнгей һәм көлеңкелі тұсы бірдей көрініс береді. Аманжол: «Мемлекеттің мерейін биіктету, ауылды көтеруден басталады,  ауыл деген анаңа қарайлай жүр, қазақтың ел басқарған қасқалары» -десе, қарсыласына жауап берген Нәзира: «Ауыл десе ағаның, асыл жыры терілер, туған жер десе теңселіп, көкейден өлең өрілер, қолға алсақ бүкіл ел болып, ауылым биік көрінер, ауылда жүрген біздерге, күннің нұры себілер...» - деп жырлайды. Айтыс жырлары қаншама қасіретті, қиыншылықтарды жырлап отырса да, халыққа қайрат, жігер, сенім сияқты қуат көздерін дарытады. Айтыс жырларында, көбіне, қыз бен жігіт айтыстарында да, жеңге мен қайны айтыстарында да әзілдесе отырып, қоғамның келеңсіз тұстарын сарказммен жеткізе білген. Бұл туралы филология ғылымдарының кандидаты Балғынбек Имашев өзінің «Айтыстағы сатира мен юмор» атты ғылыми еңбегінде: «Халық қоғамдық өмірдегі озбырлыққа, қиянатқа қарсы әділ үкімін, дұрыс сынын көбіне-көп өзінің көкейінен жарып шыққан юмор мен сатирасы арқылы білдіріп отырған. Халқымыздың сол әзіл-қалжыңдарынан қоғамдық өмірдің барлық аспектілеріне жауап табуға болады» - деген пікір айтады.


Қай халықтың болмасын тарихи құндылықтары мен рухани құндылықтары бірге астасып жатады. Еліміздің тұңғыш Президенті «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында  «Біздің жеріміз материалдық мəдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің əр түкпірінде əлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси жəне экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді» - деп ойын тұжырымдайды. Міне, осындай адамзат баласының рухани қазынасын толтыратын ерекше өнер — қазақ халқының айтыс өнері болып табылады. Айтыс өнері ана тіліміздің інжу-маржан қазынасы болумен қатар, философиялық терең ойдың, ел тұрмысы мен дәстүрінің, ең бастысы сан ғасырлық тариэхының айнасы болып табылады. Айтыста ұлттың ұлы тұлғаларының есімдері жиі аталады, қазақтың дербес мемлекет болып қалыптасуына  Керей, Жәнібек хандар есімдері, Алаш мемлекетін құруда Әлихан Бөкейханов пен алаштықтар есімдері, ел қорғаған қазақ батырлары Қара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай есімдері ұлт тарихындағы ұлы істерді жүзеге асырушылар ретінде тәуелсіздік жылдарындағы айтыс жырларында кеңінен жырланды. Ұлт тарихының ұлы тұлғаларын дәріптеу тәуелсіздік тұсында өткізіліп келе жатқан ақындар айтысының арналы тақырыптарының бірі. Тәуелсіз қазақ мемлекеті ұлт тарихының ұлы тұлғаларын дәріптеу арқылы өзінің идеологиялық қуатын байыта отырып жастарды отансүйгіштікке тәрбиеледі. Ұлттың рухани мұрасын терең насихаттау арқылы тәуелсіздік атты ұлы ұғымның баға жетпес құндылығын  ұрпақ санасына сіңіреміз. 

         Егемендік алғалы өтіп жатқан ақындар айтысында «әдебиет өмір айнасы» болғанындай, ауыл, қала тұрмысымен, халықтың қуанышы мен ауыртпалығымен бірге, әлбетте, саяси-әлеуметтік мәселелер де кеңінен көрініс тауып, ел бірлігіне, ынтымағына, тыныштығына қызмет көрсетті. Еліміздің  қазба байлығы, шетел инвесторларының елімізге көптеп келе бастауы, шекара мәселесі, Байқоңыр тағдыры, жер сату, «протон», полигон зардаптары сияқты    уақыт, қоғам тудырып отырған көкейкесті проблемалар айтыс жырларында да өткір көтерілді. «Саяси лирика, дүниетанымы тарихилыққа, дәл қисынға теріс қарамауы керек. Жатық, жүйрік өлеңнің шарты – бас изету, құптау, бәрекелді айтқышым-ау дегізу. Ал олай емес, былай ғой деген күмән туғызған өлеңнен береке қашатыны әлмисақтан белгілі ақиқат», –   деген-ді Ш. Елеукенов осыған қатысты. 

          Ұлт тарихының, әдебиетінің, мәдениетінің қайнар көзі  ана тілден бастау алатынын пайымдасақ, жиырма бірінші   ғасырдың алғашқы екі ондығын аяқтағалы отырғанда, жаһанданудың алға тартатын қуатымен бірге жұтып әкететіндей жойқын күші сезіле бастаған бүгінгідей қоғамда,  қазақ халқы әлемдік өркениеттен өз орнын тек рухани жаңару тұрғысынан ғана рухани құндылықтарын сақтай отырып өз орнын табатындығы айқын. Айтыс өнері туралы ғалымдарымыз зерттеп, зерделеумен қатар, түрлі көзқарастағы пікір айтқан мақалалар да жиі жарық көреді. Мұның барлығы да айтыс өнеріне деген қызығушылық, жанашырлық деп түсінгеніміз абзал. «Айтарыңды айта алмасаң, несіне ақынсың» (Жас қазақ, 12.12.2006), «Шаппай алынған бәйге» (Жас қазақ, 15.12.2006), «Қазіргі айтыс. Деңгейі».


Темирешова Нургул Насебенқызы