Сөз төресі айтыс өнерінің қалыптасу кезеңдері
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», – дейтін халқымыз жүйелі сөз жүйесін табатынын, жүйесіз сөз иесін табатынын ертеден түсінген. Алқа топта сөз бастаған оңай ма, қан майданда қол бастаған оңай ма? Жауабы белгілі, алқа топта сөз бастап, ойын жүйелі жеткізе білу — батырлықты, тапқырлықты, терең білімді қажет ететін өнер атаулының төресі десек те шындыққа жанасатын болар. Халық арасында «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» сертімен турасын айтып, ақиқатын ақтарып, әділдігімен, сөз көркімен ел аузында жатталған сөздер көп. Төле бидің, Әйтеке бидің, Қаз дауысты Қазыбектің шешендік сөздері бұған дәлел болса керек. Өздері өмір сүрген қоғамның саяси-әлеуметтік жағдайын тіліне ту еткен би шешендер сөздері қашан да халық жүрегінен орын алған. Бұл тұрғыдан, жиналған әлеуметтің алдына шығып, суырып салып айтысатын айтыс өнерін де шешендік өнердің бір саласы ретінде қарастыруға да болғандай. Күні бүгінге дейін сөз өнеріне қатысты сүбелі еңбектер мен жинақтардың, мерзімді баспасөз беттерінде мақалалардың жарық көріп келе жатқандығы айқын. «Сөзстан», «Жазушы және сөз мәдениеті», «Стиль сыры», «Қаламгер және уақыт» жинақтары көпшілікке кеңінен танымал болса, классиктеріміз Ғабит Мүсіреповтің «Суреткер парызы», Темірғали Нұртазиннің «Шеберлік туралы ойлар», Бейсенбай Кенжебаевтың «Шындық және шеберлік» т.б. кітаптары ізденушілерімізге жөн сілтейтін еңбектерге айналған. Алаш ардақтысы, ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышындағы» сөз өнері туралы теориялық тұжырымдар да күні бүгін де өзектілігін жойған жоқ. «Күлтегін», «Тоныкөк» жазбаларынан бастап орта ғасырлық Йассауи, Йүгнеки жазбаларына дейін поэтикалық көркем шығармалар болумен қатар, философиялық ой шыңының биік мұнаралары болып табылады. Ақыл-нақыл, ғибрат сөз сыпатында келетін дидактикалық шығармалар да айтыс өнерінің азығы болғандығы белгілі. Мысалы, Ұлбике ақынмен айтысқысы келген бір ақынға әкесі «үш жылдық білімің кем» деп рұқсат бермеген екен. Демек, топты жарып шырқап ән салу, суырып салып сөзін құрастыру табиғи талантпен бірге телегей-теңіз білімді де қажет ет еткен. Бұл ретте, қазақ поэзиясының аса құнарлы саласы — жыраулар поэзиясының жанрлық спецификасы да ақындық, әншілік, суырып-салма импровизаторлық өнермен тығыз астасып жатыр. Қазақ поэзиясының Гомері атанған, жүз жасаған Жамбыл қарт та бірнеше жыр-аңыздарды жатқа айтумен қатар, халық арасына кең тараған айтыс жырларының авторы. Сұрапыл соғыс жылдарында да Қ.Аманжолов, Ж.Саин, Ж.Молдағалиев, Ғ.Орманов сияқты ақындармен қатар Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев сияқты халық ақындарының творчествосы қазақ әдебиеті мен мәдениетінен лайықты орын алды. Айтыс жырлары қай уақытта болмасын, күллі поэзияға тән адамның үлкен сезім дүниесінің әр алуан қырларын бейнелегенін көруге болады. Бұл пікірімізге дәлел болу үшін 1966 жылы жарық көрген «Айтыс» жинағының алғы сөзін келтіруге болады. Аталмыш жинақтың екінші бөлімі тұтастай Ұлы Отан соғысы жылдарының тақырыбына (1941 — 1945) арналған және осыған байланысты жинақта: «қазақ кеңес айтысының, нағыз творчестволық өрлеу кезең1 1940 жылдардан басталады. Осы отты жылдар 1шінде облыстық, республикалық ақындар айтысының (1941 — 1943— 1945) негізгі нысанасы: «Бәріде — майдан үшін! Бәрі де Отан үшін!» деген патриоттық ұран, үндеу түрінде халықты достық-ынтымаққа, жеңіске шақырса, тылдағы еңбекк ерлерін майданға көмектесуге жұмылдырды. ... Идеяға толы, психологиялык, эмоцияға құрылған бұл айтыстар — маңызын әлі де жоймаған, ... адамдарды патриоттық сезімге тәрбиелейтін мәні үлкен туындылар» деп баға берген. Сонымен қатар: «Қазақ ауыз әдебиетінің үлкен саласының бірі – айтыс өлеңдерінің де өзіне лайық үлесі, алатын орны, өсу, даму тарихы бар. Әлем әдебиеті тарихына үңілсек, революцияға дейінгі айтыс дәстүрінің әр халықта әр түрлі дәрежеде дамығанын байқаймыз. Көне Шығыс (Үнді, Иран, Араб) елдерінде, Орта Азия халықтарында және ортағасырлық Еуропа (француз, герман, славян) мемлекеттерінде өзіндік айтыс ділмарлық (шешендік) бәсекесі болғаны мәлім. Айтыстың өткендегі эволюциялық ұзақ сүрлеу жолын іздеу, оның даму процесін зерттеу өз алдына үлкен бір мәселе. Ол жөнінде нақтылы пікір айту, ой түю, топшылау, талдау жасау бір күннің, не бір жылдың жұмысы емес» – деп көрсеткен.
Бүгінгідей қоғамның рухани жаңғыру тетіктерін қарастыру кезеңінде қашан да ел айнасы бола білген айтыс жанрының белді өзегі әнші ақын әйелдер шығармашылығын жеке қарастыру да уақыт талабы болса керек. М. Әуезовтың: «Айтыс әр заманда күнделікті тіршілікке төтелей қатысы бар жанр болатын» , - деген сөзі де бұл ойымызды негіздей түспек.
Ғалым М. Жармұқамедов зерттеу еңбегінде айтыстың даму жолдарын тереңінен қарастыра отырып, өнердің осы түрі туралы толғамды пікір білдірген Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев сынды зерттеушілердің ойларын салыстырмалы түрде қарастырады: «С. Мұқанов өз зерттеулерінде қазақ айтыстарын:
1. Әдет-ғұрып;
2. Қайымдасу;
3. Жұмбақ айтысы;
4. Дін айтысы;
5. Ақындар айтысы деп топтастырады.
Бұл жерде автор жұмбақ айтысы мен дін айтысын жеке түр есебінде ақындар айтысынан бөліп алып, оны тудырушылардың да бір кезде ақындар болғанын, бұл айтыстардың мазмұн-сипаты мен жалпы ақындар айтысының бір түрі екенін ескере бермеген тәрізді.
Орта мектепке арналған қазақ әдебиеті оқу құралында Қ. Жұмалиев айтысты:
1. Бәдік айтысы;
2. Жар-жар;
3. Мал мен адамның айтысы;
4. Өлі мен тірінің айтысы;
5. Жұмбақ айтыс;
6. Салт айтысы; а) қыз бен жігіт айтысы;
б) ру айтысы.
7. Осы күнгі айтыстар, – деп жетіге бөледі.
Мұнда ақындар айтысы салт айтысына қосылып талданып, өзіндік беті айқын, өзекті сала – ақындар айтысының ара-жігі дараланып ашылмай қалған».
М.О. Әуезов «Қазақ әдебиеті тарихының» алғашқы кітабы мен соңғы басылуындағы айтысқа байланысты жазған тарауларында айтысты екі топқа бөліп қарастырады. Олар:
1. Әдет-ғұрып айтысы;
2. Ақындар айтысы.
Зерттеуші К.Д.Асанов өзінің «Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты» атты еңбегінде М.Жармұхамбетов еңбегіне лайықты бағасын бере отырып, қазақ айтыстарын топқа емес, түрге бөлген дұрысырақ болар еді деген пікірін келтіреді. «Топтастыру жекелікті біріктіру ұғымына саяды. Ал түрге бөлу, бүтіндіктің реңк – сипатын білдіріп тұрады. Мұны айтып отырғандағы себебіміз – Айтыс өнері біреу. Уақыт, қоғам, дәстүр аталмыш өнерге (немесе рухани құндылыққа) әр түрлі өң сипат, өзгеріс беріп отырған. Халықтық сипатқа ие болған, күй, өлең-жырдың да авторы бар. Тарихта қалған жалғыз шумақ жырдың да авторы бар. Жазу-сызудың болмауы салдарынан көптеген рухани құндылықтар халық еншілігіне айналған. Сондықтан да, айтыс өлеңдерін мазмұндық, пішіндік өзгешеліктеріне орай ғалымдарымыз келтіргендей үш түрге бөліп қарастырғанның еш сөкеттігі жоқ. Мысалы:
1. Әдет-ғұрып, салт айтысы: а) «Аужар», б) «Бәдік», в) «Жар-жар», г) «Мал мен адамның айтысы», д) «Жан-жануар, хайуанаттар айтысы», ж) «Өлі мен тірінің айтысы».
2. Қайымдасу айтысы: а) «Жұмбақ айтыс», б) «Дін айтысы», в) «Қыз бен жігіт айтысы».
3. Әлеуметтік айтыс: а) «ХХ ғасырға дейінгі елдік-әлеуметтік айтыс», б) «Қазіргі кездегі ұлттық сипаттағы айтыс».
Айтыс өлеңдерін мазмұн, пішініне қарай осындай үш түрге бөліп қарастырсақ, ештеңеден ұтылмайтын сияқтымыз» - деген тұжырым жасайды. Әйел ақын қатысқан айтыс біткенді қыз бен жігіт айтысына жатқыза салу да, біздіңше, дұрыс шешім дей алмаспыз. Әлеуметтік, елдік мәселені көтерген айтыс жырларын, мүмкін, қыз бен жігіттен гөрі, жалпы айтыс жырларына жатқызып, қарастырса да, айтыс аулынан алысқа ұзамайтыны шындық.
Темирешова Нургул Насебенқызы

